
Алматының таулы аймағында сел жүруінің алдын алу мақсатында ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ күштерімен мұздақ көлдердегі су деңгейін реттеу бойынша алдын алу шаралары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Алматының биік таулы аймағындағы 6 мұздақ көлде жұмыстар жүргізілуде. Мамандар артық суды бұруды және көлдердегі қауіпсіз су деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз ете отырып, су бұру арналарының жағдайын жақсартып, оларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Кіші Алматы өзені бассейніндегі мұздақ көлге суды сорып шығару және бақылаулы түрде бұру үшін полиэтиленді сифондық құбырлар жеткізілді. Мұздақ көлдердің басым бөлігі жетуі қиын биік таулы аймақтарда орналасқандықтан, құбырларды, жабдықтар мен қажетті материалдарды жеткізу жұмыстары ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшақтарын жұмылдыра отырып жүзеге асырылады. Полиэтиленді құбырлар сифондау әдісімен мұздақ көлдердегі су деңгейін қауіпсіз белгіге дейін төмендету үшін пайдаланылады.
«Қазселденқорғау» осындай жұмыстарды су деңгейінің сыни деңгейге дейін көтерілуінің алдын алу және мұздақ көлдердің ықтимал жарылуына жол бермеу мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде жүргізеді. Алматының таулы аймағындағы гидрологиялық және сел жағдайы бақылауда. Сонымен қатар ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және халық пен қалалық инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жалғасуда.