ТЖМ қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

ТЖМ қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

  Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінің қызметкерлері аумақтарды абаттандыруға, көгалдандыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.

  Алматы қаласында ТЖД жеке құрамы сенбілік өткізіп, іргелес аумақтарды құрылыс және тұрмыстық қалдықтардан тазартты, қураған өсімдіктерді жинады, Департамент аумағынан тыс учаскені ретке келтіріп, жас көшеттер отырғызды. Мұнда заманауи әрі жайлы инфрақұрылымды жаңарту және қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте тазалықты сақтау абаттандыру жұмыстарының маңызды бөлігі болып қала береді.

  Шығыс Қазақстан облысында Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлері өз бөлімшелерінің аумақтарын көгалдандыруға қатысты. Акция аясында 65 шырша көшеті отырғызылды. Жүргізілген жұмыстар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

  Батыс Қазақстан облысы ТЖД бөлімшелерінде де аумақтарды тазалау және абаттандыру бойынша сенбіліктер ұйымдастырылды. Қызметкерлер көгалдар мен іргелес аумақтарды қоқыс пен түскен жапырақтардан тазалап, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтірді, қалдықтарды жинап, арнайы белгіленген орындарға шығарды. Сонымен қатар қызметтік үй-жайларда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, мекемелер аумақтарының жалпы жағдайы жақсартылды.

  Ұлытау облысының ТЖД қызметкерлері «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелерімен бірлесіп, Ұлытау ауылында орналасқан Жұмабай су айдынының жағалауын тазалауға бағытталған экологиялық акция өткізді. Іс-шара барысында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылды.

  Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында сенбілік өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД жас қызметкерлері қатысты. Құтқарушылар аумақты тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Олар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтынын және тазалықты тек қызмет барысында ғана емес, күнделікті өмірде де сақтауға ұмтылатынын көрсетті.

  ТЖМ қызметкерлерінің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысуы елді мекендерді абаттандыруға, аумақтарды көгалдандыруға және қоршаған ортаны сақтауға қосылған үлес болып табылады. Қызметкерлердің жеке үлгісі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етіп, азаматтарды қазіргі және болашақ ұрпақ үшін таза, жасыл әрі жайлы орта құру жолындағы ортақ мақсатқа біріктіреді.