
Қызылорда облысы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында 236-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа нысан 4 421 адам тұратын Еңбекші, Жиделіарық және Қосүйеңкі ауылдарындағы өрттер мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етеді.
Нысанның құрылысы жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бекет кезекшілікті ұйымдастыруға қажетті өрт сөндіру техникасымен, құрал-жабдықтармен және байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Аталған жабдықтарды Төтенше жағдайлар министрлігі табыстады. Еріктілер Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының қатысуымен арнайы даярлықтан өтеді. Бұл олардың төтенше жағдайлар туындаған кезде тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Жаңа бекеттің ашылуы ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін нығайтуға және халықты қорғауға елеулі үлес қосады.