
Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және Беларусь Республикасының ТЖМ Өртке қарсы қызмет мамандарының қатысуымен діни және тарихи-мәдени маңызы бар нысандардағы өрттерді сөндіру тактикасына арналған халықаралық семинар өтті. Семинарға Қазақстан ТЖМ мамандары қатысты.
Қазақстандық делегацияның қатысуы Ресей және Беларусь әріптестерімен практикалық тәжірибе алмасуға, өрт сөндіруді ұйымдастыру тәсілдерін салыстыруға және отандық тәжірибені одан әрі жетілдіру мүмкіндіктерін қарастыруға мүмкіндік берді.
Семинар аясында Мәскеу гарнизонының мамандары практикалық оқу-жаттығу өткізді. Оның барысында өрт ошағына өрт сөндіргіш заттарды берудің түрлі технологиялары, адамдар мен материалдық құндылықтарды құтқару тәсілдері, сондай-ақ мамандандырылған өрт сөндіру-құтқару техникасы мен жабдықтарының жұмысы көрсетілді.
Семинардың практикалық бөлімі Қазақстан ТЖМ қызметкерлеріне үш елде өрт сөндіру кезінде заманауи технологиялар мен арнайы техниканы қолдану тәсілдерін салыстыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, шектеулі кеңістікте жұмыс жүргізуге арналған шынжыр табанды платформадағы өздігінен жүретін биіктік техникасының, сондай-ақ металл есіктерді, кірпіш және бетон конструкцияларды ашуға арналған су-абразивті оқпандардың жұмысы көрсетілді. Ұсынылған шешімдер қазақстандық мамандарға жақсы таныс болғандықтан, негізгі назар оларды әртүрлі жағдайларда тиімді қолдану бойынша практикалық тәжірибе алмасуға аударылды.
Семинар барысында қазақстандық тарап өрт сөндіруді ұйымдастыру, заманауи технологияларды қолдану және өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің іс-қимыл тактикасын жетілдіру мәселелері бойынша кәсіби тәжірибе алмасты. Мұндай формат әріптестердің озық тәжірибесін зерделеуге ғана емес, қазақстандық мамандардың өз практикалық тәжірибесімен бөлісуіне де мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Мәскеудің өрт сөндіру-құтқару бөлімшелеріне экскурсиялар ұйымдастырылды. Оның барысында мамандар жауынгерлік бөлімшелердің қызметін ұйымдастырумен, жауынгерлік кезекшілікті атқару тәртібімен, техникамен жарақтандырылуымен және өрттерді жою кезінде күштер мен құралдарды басқару тәжірибесімен тікелей танысты.
Семинардың маңызды оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы ТЖМ мамандарына ведомствоның 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ғарышта болған ТЖМ Жауынгерлік туын салтанатты түрде табыстау болды.