ТЖМ су айдындарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуде

ТЖМ су айдындарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуде

  Құтқарушылар полиция қызметкерлерімен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен, әскери қызметшілермен және волонтерлермен бірлесіп, су айдындарында тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, халық көп демалатын орындарды патрульдеуде және азаматтарға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруде. Жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылудың алдын алуға, балалардың қауіпсіздігіне, шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптарын сақтауға және алғашқы медициналық көмекті уақтылы көрсетуге ерекше назар аударылады.

  Елорда құтқарушылары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, су айдындарында профилактикалық рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді. Демалушыларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері мен заңнама талаптары түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылады. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы негізінде 392 ескерту жасалды. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 45 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

  Шығыс Қазақстан облысында ауа райының ыстық болуына байланысты құтқарушылар халық көп демалатын орындарда патрульдеу жұмыстарын күшейтті. Бұқтырма су қоймасы аумағында кезекті рейд барысында үш азамат ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық және байланыс құралдарымен, сондай-ақ жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жабдықтармен жарақтандырылған заманауи катерлерді пайдаланады.

  52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Астана қаласының су айдындары мен Балқаш көлінде профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда. Патрульдеу барысында олар демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіпті екенін ескертеді және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады.

  Батыс Қазақстан облысында профилактикалық іс-шаралар табиғатты қорғау прокуратурасының, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және волонтерлермен бірлесіп жүргізілуде. Рейдтер барысында ата-аналармен балаларды үнемі бақылауда ұстау қажеттігі туралы жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

  Балқаш көлінің акваториясында Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлері демалыс аймақтарын патрульдеп, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерінің сақталуын бақылайды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады.

Ұлытау облысы ТЖД қызметкерлері Кеңгір су қоймасының жағалауында профилактикалық рейд өткізді. Демалушыларға судағы қауіпсіз жүріс-тұрыстың негізгі ережелері мен шағын көлемді кемелерді пайдалану кезіндегі талаптар еске салынды.

  Қарағанды облысы бойынша Апаттар медицинасы орталығының филиалы қалалық жағажайда демалушыларға арналған оқыту іс-шарасын өткізді. Балалар мен ересектерге күн және жылу соққысы, күйік, жарақат алу, есінен тану және тыныс алудың тоқтауы кезінде қалай әрекет ету керектігі түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушыларға шұғыл қызметтерді дер кезінде шақыру қажеттігі ескертілді. Мамандардың жетекшілігімен олар манекендерде жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу тәсілдерін және медицина қызметкерлері келгенге дейін алғашқы көмек көрсету кезіндегі іс-әрекеттердің реттілігін пысықтады.

  ТЖМ судағы қауіпсіздік әр адамның жауапты мінез-құлқынан басталатынын ескертеді. Тек рұқсат етілген және жабдықталған орындарда шомылу, балаларды қараусыз қалдырмау, шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін сақтау және құтқарушылардың ескертулеріне назар аудару қажет.