Алдын алу жұмыстары аясында мұздақ көлдерден 1,2 млн текше метрден астам су ағызылды

Алдын алу жұмыстары аясында мұздақ көлдерден 1,2 млн текше метрден астам су ағызылды

  ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысындағы мұздақ көлдерде кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Жұмыстар су деңгейін реттеуге және мұздақ көлдердің жарылу қаупін азайтуға бағытталған. Мамандар су бұру арналарының арнасын тазартып, тереңдетуде, сифондарды қайта іске қосып, жаңаларын орнатуда. Сонымен қатар автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілуде.

  Алматыда Үлкен Алматы №13-Бис өзені бассейнінің мұздақ көліндегі эвакуациялық арнаны тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар №8 және №9 мұздақ көлдердегі сифондар автоматты түрде іске қосылып, 800 мың текше метрден астам су ағызылды.

  Алматы облысында Талғар өзені бассейніндегі №8, №10, №19 көлдерде және «Большая Поляна» арналық станциясында автоматтандырылған мониторинг жүйелері орнатылды. №19 көлде екі сифон қайта іске қосылып, соның нәтижесінде 38 мың текше метрден астам су ағызылды.

  Жетісу облысында төрт мұздақ көлдегі 11 сифон қайта іске қосылды. Ағызылған судың жалпы көлемі 400 мың текше метрден асты.

  Алдын алу жұмыстары су деңгейін алдын ала реттеуге, гидрологиялық жүктемені азайтуға және сел жүру қаупін барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Мұздақ көлдердің жай-күйіне мониторинг жүргізу жалғасуда.