
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Орал қаласында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндіру қызметі мен құтқару бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған Құтқарушылар аллеясының ашылуына қатысты. Салтанатты рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ТЖД басшылығы мен қызметкерлері, қызмет ардагерлері, қаза тапқан қызметкерлердің туыстары және қала тұрғындары да қатысты.
Аллея қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылар - Жарқын Фазылов, Ақан Нұрғалиев, Жангелді Сисеналиев және Ерлан Нұғмановтың рухына тағзым ету мақсатында құрылды.
Рәсімге қатысушылар мемориалға гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
ТЖМ басшысы қаза тапқан қызметкерлердің туыстарымен кездесіп, оларға қолдау білдірді. Ол қаза тапқан құтқарушылардың ерлігі мен қызметтік борышына адалдығы қазіргі және болашақ ұрпақ үшін үлгі болатынын атап өтті. Қаза тапқан қызметкерлердің жұбайларына гүл шоқтары, ал балаларына естелік сыйлықтар табысталды.
Аллея аумағында мемориалдық тақта орнатылып, көгалдар мен гүл композициялары, автоматты суару жүйесі және сәулеттік жарықтандыру қарастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орындары жасақталған. Құтқарушылар аллеясы өмірін адамдарды қорғауға арнаған жандарды еске алу және оларға деген алғысты білдіретін орынға айналып, олардың ерліктері туралы тарихты келер ұрпаққа жеткізеді.