
Ақмола облысы Шортанды ауданының Бектау ауылында «Ауыл құтқарушылары» 234-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті жалпы саны шамамен 1,5 мың тұрғыны бар үш елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта бекет арнайы даярлықтан өткен жеке құраммен толық жасақталған және тәулік бойы кезекшілік атқаруға дайын. Жедел ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасын, қажетті жабдықтарды, арнайы киім-кешекті және байланыс құралдарын табыстады.
Еріктілерді даярлауды ТЖД мамандары ұйымдастырды. Оқу барысында олар өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын пайдалану, өрт-техникалық жарақтарды және байланыс құралдарын қолдану, өртті сөндіру тактикасы мен төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдар бойынша теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Даярланған еріктілер оқиға орнына жедел жетіп, өртті бастапқы кезеңінде оқшаулауға және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік алады.