Қазақстан ТЖМ Абай күнін атап өтті

Қазақстан ТЖМ Абай күнін атап өтті

  10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ойшыл, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туған күніне орай ТЖМ-де бірқатар мәдени-ағартушылық іс-шаралар өтті. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – Абайдың рухани және әдеби мұрасын, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.

  ТЖМ орталық аппаратында Абай шығармаларын оқу ұйымдастырылды. ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаменті басқармасының бастығы Ержан Үсенбаев пен Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Айдана Мадиева ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» және «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» атты өлеңдерін оқыды.

  Абай күніне орай ТЖМ бөлімшелерінде де тақырыптық іс-шаралар өтті.

  Абай облысы ТЖД-нің жас қызметкерлері атаулы күн қарсаңында Абай музейіне барды. Экскурсия барысында олар ұлы ойшылдың өмір жолы, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы туралы сыр шертетін тарихи материалдар мен жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ Абайдың білімге, еңбекке, әділдікке, адамгершілікке және қоғам алдындағы жауапкершілікке қатысты өсиеттеріне ерекше назар аударылды.

  Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында Абай Құнанбайұлына арналған шығармашылық кеш өтті. Курсанттар Абайдың сөзі мен әуеніне жазылған әндерді орындап, ақынның өлеңдерін оқыды және домбырада музыкалық шығармаларды орындады. Іс-шара Академияның оқу-жаттығу полигонында өтіп, болашақ құтқарушылардың ұлттық мәдениетке, тарих пен дәстүрге деген құрметін қалыптастыруға бағытталды.

Шымкент қаласы ТЖД-де жеке құрамға «Абай мұрасы – ұлттық руханият және өскелең ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Абай Қалшабек қатысты. Ол Абай Құнанбайұлының шежіресі, шығармашылық мұрасы мен ағартушылық идеялары туралы айтып, ақын шығармаларының қазіргі қоғамдағы өзектілігіне тоқталды. Кездесуге қатысушыларды білім мен ғылымға ұмтылуға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырды.

  Жамбыл облысы ТЖД қызметкерлері кітапханалар мен музейлерге барып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығымен танысты. Қатысушылар Абайдың философиялық көзқарастарын, оның адамгершілік, білім, еңбек және елге қызмет ету туралы ойларын, сондай-ақ «толық адам» тұжырымдамасын талқылады. Іс-шара ақынның рухани мұрасын тереңірек зерделеп, оның қазіргі ұрпақ үшін маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

  Қызылорда облысы ТЖД-де «Абай және мемлекеттік тіл» атты зияткерлік байқау өтті. Қатысушылар ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін көрсетіп, сауаттылықты және мемлекеттік тілді қолдану мәдениетін арттыруға бағытталған тапсырмаларды орындады.

  Солтүстік Қазақстан облысында ТЖД қызметкерлері Петропавл қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы кітапханада ұлы ақынның рухани мұрасына тағзым етті. Қатысушылар Абай шығармашылығының маңызы, оның философиялық көзқарастары мен қазіргі қоғамға арналған ой-тұжырымдарын талқылады. Қазақ әдебиетін, мемлекеттік тілді және кітап оқу мәдениетін насихаттауға ерекше назар аударылды.

  20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ұлы ақынның рухани мұрасын, ағартушылық идеяларын, шығармалары мен кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шара өткізді. Іс-шара барысында әскери қызметшілер Абайдың шығармаларын оқып, оның тағылымды нақыл сөздерімен және адамгершілік қағидаларымен танысты.

  Мұндай іс-шараларды өткізу ТЖМ-нің тәрбие және рухани-ағартушылық жұмысының бір бөлігі болып табылады. Олар адамгершілік және патриоттық құндылықтарды нығайтуға, қызметкерлердің Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған.

 Абай Құнанбайұлының білім, еңбек, әділдік, адамгершілік және жауапкершілік идеяларына негізделген рухани мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, келер ұрпақ үшін маңызды рухани бағдар болып қала береді.