Алматыда болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығының жұмысына бастау берілді

Алматыда болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығының жұмысына бастау берілді

Алматыда болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығы ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю, ҚХР Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігінің Геофизика институтының өкілдері, мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты.

Ғимараттың ашылуы сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан тарапы болашақ бірлескен орталықтың жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылымды құрды. Екіжақты ғылыми өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамыту мақсатында Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығын құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанға дейін Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының құрылымында үш мамандандырылған зертхананы қамтитын Жер сілкіністерін зерттеу орталығы құрылды.

Аталған зертханалардың функционалдық бағыты болашақ бірлескен орталықтың жоспарланған жұмыс моделіне сәйкес келеді. Бұл қазіргі кезеңнің өзінде бірлескен ғылыми зерттеулерді бастауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытайдың ғылыми ұйымдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы» ЖШС мен ҚХР Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігінің Геофизика институты арасында геофизика және сейсмология саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Бірлескен жобаны іске асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашады. Зерттеу нәтижелері сейсмикалық белсенділікті мониторингілеу мен болжаудың заманауи әдістерін дамытуға, сондай-ақ екі елдің сейсмикалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.