Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» 233-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» 233-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының Болашақ ауылында «Ауыл құтқарушылары» 233-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті Болашақ, Көпкүтір, Жаңатан, Аққұрай және Хайруш ауылдарына қызмет көрсетіп, 1500-ден астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

  Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жанболат Жаншин, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Кайрлиев, жеке құрам, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруға қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Ғимаратта өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме, қызметтік кабинеттер, сондай-ақ демалыс бөлмесі мен асүйді қамтитын тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Бұл жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасайды.

  Бөлімшенің тиімді жұмыс істеуі үшін ТЖМ қажетті техникамен, байланыс құралдарымен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етті. Бекетке өрт сөндіру автоцистернасы, радиостанция және өрт сөндірушінің төрт жауынгерлік киім жиынтығы берілді. Бұл жеке құрамға төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халық пен аумақтарды қорғау жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.