Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» 232-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» 232-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Жұбан Молдағалиев ауылында «Ауыл құтқарушылары» 232-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті Жұбан Молдағалиев және Сайқұдық ауылдарына қызмет көрсетіп, 1 400-ден астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

  Салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жанболат Жаншин, Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, жеке құрам, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынған және тәулік бойы кезекшілік атқаруға толық жабдықталған. Жеке құрамның қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасау үшін демалыс бөлмесі, ас үй, қызметтік кабинеттер, диспетчерлік және өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған гараж боксы қарастырылған.

  Бөлімшенің толыққанды жұмыс істеуі үшін ТЖМ қажетті техникамен, байланыс құралдарымен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етті. Атап айтқанда, өрт сөндіру автоцистернасы, өрт сөндірушінің төрт жауынгерлік киім жиынтығы және радиостанция берілді. Бұл құралдар қойылған міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді. Жңа нысанның іске қосылуы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, сондай-ақ ауылдық жерлердегі табиғи және дала өрттерінің алдын алу және олармен күресудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.