ТЖМ Астана қаласының коммуналдық жағажайында мобильді модульдік капсуланы іске қосты

ТЖМ Астана қаласының коммуналдық жағажайында мобильді модульдік капсуланы іске қосты

  Астанада Есіл өзенінің коммуналдық жағажайында Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновке қала Төтенше жағдайлар департаментінің мобильді модульдік капсуласы көрсетілді. Жаңа модульдің негізгі артықшылықтарының бірі – оның мобильділігі. Қажет болған жағдайда капсуланы жедел бөлшектеп, басқа су айдынының учаскесіне тасымалдап, қайта орнатуға болады. Бұл күштер мен құралдарды икемді түрде қайта бөлуге және халық жаппай демалатын орындарда қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

  Модуль байланыс құралдарымен, бейнебақылау жүйесімен, құтқару керек-жарақтарымен және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жабдықтармен жарақталған. Бейнебақылау жүйесі жағажай аумағы мен оған іргелес акваторияны бақылауға мүмкіндік береді, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға және ден қою уақытын қысқартуға ықпал етеді. Барлығы коммуналдық жағажай аумағы мен оған іргелес акваториядағы жағдай 128 бейнекамераның көмегімен бақыланады. Камералардан түсетін бейнелер Астана қаласы ТЖД кезекші бөліміне шығарылған. Капсуланың ішінде жұмыс аймағы, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған жұмыс орны, демалыс аймағы, асүй аймағы және санитариялық торап қарастырылған.

  Құтқару бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуын күшейту аясында су айдынында жедел патрульдеу және құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған жаңа гибридті RIB қайығы да пайдалануға берілді. Жасалған жағдайлар құтқарушыларға кезекшілікті тиімді атқаруға, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға және ықтимал оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

  Модульдік капсуланы пайдалану төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға, құтқарушылардың оқиға орнына келу уақытын қысқартуға, жеке құрамның қызмет атқару жағдайларын жақсартуға және азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.