
Қапшағай су қоймасында ТЖМ қызметкерлері шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылауды күшейтті. Профилактикалық және рейдтік іс-шаралар барысында 5 кеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бірнеше жүзу құралы арнайы тұраққа қойылды.
Жұмысқа ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі Серік Жүнісбеков жетекшілік етті. Рейдтер басталар алдында Алматы облысы ТЖД бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды тұлғалармен кеңес өткізіліп, онда жаңа өкілеттіктерді іс жүзінде қолдануға, заң бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу тәртібіне ерекше назар аударылды. Қызметкерлерге қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсетілді.
Қапшағай су қоймасының акваториясында жүргізілген профилактикалық рейдтер барысында шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. 5 кеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкогольдік мас болу белгілері бар 2 гидроцикл жүргізушісі медициналық куәландырудан өту үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Сонымен қатар белгіленген жолаушы сыйымдылығынан асыра пайдаланылған екі гидроцикл мен екі туристік катер арнайы тұраққа қойылды. Бұл судағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Еліміздің су айдындарында профилактикалық және бақылау іс-шаралары жалғастырылады.