ТЖМ басшысы Ақмола облысының құтқарушыларына қызметтік пәтерлердің кілтін табыстады

ТЖМ басшысы Ақмола облысының құтқарушыларына қызметтік пәтерлердің кілтін табыстады

  Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ақмола облысы Бурабай ауданының №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жаңғыртудан өткен тұрғын үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Министр қызметкерлер мен олардың отбасыларына қызметтік тұрғын үйдің кілтін табыстады.

  Екі қабатты тұрғын үйде кешенді жөндеу-құрылыс және әрлеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар бюджет қаражатын тартпай, Қазақстан құтқарушылары қорының қаражаты есебінен атқарылды. Үй 11 пәтерден тұрады, олардың әрқайсысында жайлы тұруға барлық жағдай жасалған. Пәтерлер толық жиһазбен жабдықталып, қажетті тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілген.

  Азаматтық қорғау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен азаматтар министрдің Алғыс хаттарымен марапатталды. Жаңғырту жұмыстары аясында мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің және тұрғын үйдің іргелес аумағы абаттандырылды. Мұнда заманауи көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, демалыс орындары жасақталды, субұрқақ пен жануарлардың сәндік мүсіндері орнатылды, сондай-ақ өрт сөндіру техникасына арналған кіреберіс жолдар мен алаңдар жаңартылды.

  Пәтерлер мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілеріне және жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына берілді. Айта кетейік, №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 47 мыңнан астам тұрғыны бар Щучинск қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ТЖМ авиациясын жедел қолдануды қамтамасыз ету мақсатында аумақта екі тікұшақ алаңы жабдықталған.