
Орал қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірім ұлдар арасындаүы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің XV жазғы чемпионаты аяқталды. Төрт күнге созылған тартысты дода барысында еліміздің 14 өңірлік командасының үздік спортшылары оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағы, 4×100 метрлік өрт эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю тәртіптері бойынша бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін, күш-жігерін, жылдамдығын, төзімділігі мен шеберлігін паш етті.
Чемпионат жас спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілерді және өңірлердің өкілдерін бір арнаға тоғыстырған айтулы спорт мерекесіне айналды. Жарыстың барлық күнінде қатысушылар жоғары техникалық даярлықтарын, командалық бірлігін, тәртіптілігі мен жеңіске деген ұмтылысын көрсете отырып, Қазақстандағы жас өрт сөндіруші-құтқарушылардың зор әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарыстың қорытындысы бойынша чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Жеке және командалық сындарда жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1 орын — Батыс Қазақстан облысы ТЖД;
2 орын — Астана қаласы ТЖД;
3 орын — Ақмола облысы ТЖД.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірім ұлдар мен юниорлар арасында өткен XV жазғы чемпионат Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі құрамасының ең үздік спортшыларын іріктеудің маңызды кезеңіне айналды. Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің үздік спортшылары анықталып, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрама командасының құрамына енді. Алда оларды маусымның басты халықаралық жарыстарына дайындықтың соңғы кезеңі күтіп тұр.
2026 жылғы 22–25 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрама командасы Ресей Федерациясының Жуковский қаласында өтетін өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарына қатысады. Ұлттық құрама спортшылары халықаралық аренада Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің намысын абыроймен қорғайды.
Чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Қазақстандағы өрт сөндіру-құтқару спортының қарқынды дамып келе жатқанын, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі, спорттық дәстүрлерді нығайтудағы және болашақ құтқарушыларды даярлаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады.