
Павлодар облысының Бесқауға ауылында «Ауыл құтқарушылары» 226-шы ерікті өртке қарсы құрылымы жаңғыртудан кейін ашылды. Бекет Бесқауға, Қоянды, Құрылысшы, Теміртас және Айтен атты бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде шамамен мың адам тұрады.
Іс-шараға Павлодар облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары Асет Сердалин және Екібастұз қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қаныш Әділжанов қатысты. Өрт сөндіру бекетінің ашылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартуға және ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүргізілді. Бекет ТЖМ ұсынған арнайы техникамен, қажетті өрт-техникалық жабдықтармен және арнайы киіммен жарақтандырылды. Нысанда еріктілердің тиімді жұмыс істеуі және қызмет атқаруы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, демалуға және тамақтануға арналған орындар, сондай-ақ санитариялық-тұрмыстық аймақтар қарастырылған. Бекет қажетті жиһазбен, тұрмыстық техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Іргелес аумақта автоматты қақпалар мен сыртқы жарықтандыру орнатылған.
Ерікті өртке қарсы құрылымның құрылуы ауылдың төрт тұрғынын жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. ТЖД қызметкерлері бекет жұмысшыларын оқытып, оларды төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдарға, өрттерді сөндіруге, өрт-техникалық жарақтарды пайдалануға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға дайындауда.