Шомылу маусымы басталғаннан бері 218 адам құтқарылды: ТЖМ судағы қауіпсіздік ережелерін еске түсіреді

Шомылу маусымы басталғаннан бері 218 адам құтқарылды: ТЖМ судағы қауіпсіздік ережелерін еске түсіреді

  ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Шомылу маусымының өтуі және шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану туралы» тақырыбында брифинг өтті. Спикерлер: ТЖМ ТЖ жою департаменті басқармасының бастығы Магомет Ахриев, сондай-ақ ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті басқармасының бастығы Ерасыл Сайпаш.

  1 маусымнан бастап елімізде шомылу маусымы басталды. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі басқа да орталық мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, еліміздің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

  ТЖМ, ІІМ және еріктілер ұйымдарының күшімен адамдардың қауіпті учаскелерде қаза болу қаупін азайту мақсатында азаматтардың Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын  бұзуының алдын алу үшін 39 мыңнан астам рейд пен патрульдеу іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде 1 995 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 26 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

  Қорғалмайтын су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күшімен қосымша 233 мобильді құтқару тобы қойылып, сондай-ақ 52 құтқару станциясы жұмыс істеуде.

  Сонымен қатар, ТЖМ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Балаларды суда қорғаңыз» республикалық акциясын ұйымдастырып, оның аясында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізді. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік суға батудың алдын алу күніне (25 шілде) орай Қазақстан ТЖМ #СоңғыЖүзу ақпараттық акциясын өткізді. Акцияның басты мақсаты – судағы салғырттықтың адам өміріне қауіп төндіретінін әрбір азаматтың есіне салу.

  Талдау көрсеткендей, судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – халықтың, әсіресе балалардың, судағы қауіп-қатерді толық түсінбеуі. Сондықтан біздің басты назарымыз профилактикалық жұмыстарға бағытталған.

  Жыл басынан бері 30 мың бала жүзу дағдыларына оқытылды, бұл жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, шамамен 249 мың дана көрнекі оқу-ағарту материалдары таратылып, су айдындарында 1 445 қауіпсіздік белгісі орнатылды.

  Шомылу маусымы басталғаннан бері (1 маусымнан бастап) 102 адам суға батып қайтыс болды, оның ішінде 34 кәмелетке толмаған бала бар (2025 ж. – 88/28). Өкінішке қарай, суға бату салдарынан болатын өлім жағдайларының 85 пайызы рұқсат етілмеген, жабдықталмаған су айдындарында орын алады.

  Осыған байланысты халықтың назарын тағы бір мәрте аударғымыз келеді: өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін тек рұқсат етілген, қауіпсіз су айдындарында ғана демалыңыздар!

  Қауіпсіз шомылатын орындар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, әкімдіктер мен өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерінің ресми сайттарында, сондай-ақ 2GIS қосымшасында жарияланады.

  Биыл еліміз бойынша су айдындарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін 733 рұқсат етілген орын белгіленді. Оның ішінде 294 коммуналдық және 420 жеке жағажай бар (19-ы спорттық және туристік мақсаттарға арналған). Айта кету қажет, барлық коммуналдық жағажайлар халық үшін тегін.

  2026 жылғы шомылу маусымы басталғалы бері ТЖМ қызметкерлері патрульдеу барысында 218 адамды құтқарып қалды, оның ішінде 76 кәмелетке толмаған бала бар (2026 жылдың басынан бері су айдындарында барлығы 252 адам құтқарылды, оның ішінде 81 кәмелетке толмаған).

  ТЖМ судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:

  - балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз;

  - тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде шомылмаңыз;

  - мас күйде суға түспеңіз;

  - шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеңіз;

  - шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамаңыз;

  - тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгімеңіз;

  - жүзуге арналмаған заттармен суда жүзбеңіз.

  - қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған өзге де құрылыстардан суға секірмеңіз.

  Осы қарапайым қағидаларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

  Шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне беру туралы заңдарды іске асыру мақсатында ТЖМ «Азимут қауіпсіздікке» республикалық үгіт-насихат және профилактикалық акциясын ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – су айдындарындағы оқиғалардың алдын алу, заңнама талаптарының бұзылуын болдырмау және шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

  Акция аясында республика бойынша профилактикалық және бақылау-қадағалау іс-шаралары ұйымдастырылды. Қызметкерлер шағын көлемді кеме иелерімен, жалға алушылармен, сондай-ақ су көлігімен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын кәсіпкерлермен кездесулер өткізуде. Қатысушыларға Шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану қағидаларының талаптары мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормалары түсіндірілуде.

  Халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен кеме қатынасы қарқынды жүретін су айдындарына ерекше назар аударылуда. Құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында су айдындарында, қажет болған жағдайда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, күшейтілген патрульдеу ұйымдастырылды. Инспекторлар тіркеу құжаттарының, кемені басқару құқығын растайтын куәліктің болуын, жүктеу қағидаларының сақталуын, сондай-ақ құтқару құралдарының жарамдылығы мен болуын тексереді.

  Сонымен қатар, ТЖМ қызметкерлері шағын көлемді кеме иелерімен және жалға алушылармен, су көлігімен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын кәсіпкерлермен, сондай-ақ демалушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Азаматтарға Шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану қағидаларының талаптары, әкімшілік заңнама нормалары, судағы қауіпсіздік шаралары және су айдындары маңындағы демалыс орындарында балаларды үнемі бақылауда ұстаудың маңыздылығы түсіндірілуде.

  Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ТЖМ қызметкерлері заңнама талаптарының бұзылуын анықтау бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 580, 582-баптары, 583-бабының екінші және үшінші бөліктері, сондай-ақ 584-бабы бойынша 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асты.

  Мұндай іс-шаралар кешені, оның басым бөлігі жағажайда демалушылармен, су көлігі мен түрлі су аттракциондарын пайдаланушылармен, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді жалға берушілермен жүргізілетін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарынан тұрады. Оның басты мақсаты – еліміздің су айдындарында қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету.

  Қазақстан ТЖМ шағын көлемді кемелердің иелерін және барлық азаматтарды заңнама талаптары мен судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Белгіленген талаптарды сақтау оқиғалардың алдын алудың және адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарты болып табылады.