Жетісу облысының тауларында сел қаупі сифондық жүйелердің көмегімен төмендетілуде

Жетісу облысының тауларында сел қаупі сифондық жүйелердің көмегімен төмендетілуде

Жетісу облысының биік таулы аймағында сел қаупі кезеңінде сел жүру қаупін азайтуға бағытталған алдын алу іс-шаралары жалғасуда. Жұмыстарды Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары жарылу қаупі жоғары мұздақ көлдерде жүргізуде.

  Қазіргі уақытта Ақсу өзені бассейніндегі №62 және Сарқан өзені бассейніндегі Ақкөл мұздақ көлдерінде сифондық жүйелер сәтті іске қосылды. Олардың жұмысы су деңгейін қауіпсіз межеге дейін кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Биен өзені бассейніндегі №18 және Қорғас өзені бассейніндегі Қапқан мұздақ көлдерінде сифондық жүйелерді монтаждау және іске қосуға дайындау жұмыстары жалғасуда.

  Сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін мамандар полиэтилен құбырларын пайдалана отырып, сифондық әдіспен су деңгейін бақыланатын түрде төмендетуді жүзеге асырады. Алдын алу шараларының кешенін іске асыру мұздақ көлдердің жарылу қаупін азайтуға және сел ағындарының қалыптасу қаупін барынша төмендетуге бағытталған.

  Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар аясында «Қазселденқорғау» мамандары Ионосфера институтының, Гляциология орталығының және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдерімен бірлесіп Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында орналасқан мұздақ көлдерге батиметриялық зерттеулер жүргізді.

  Қазіргі уақытта Алматы облысындағы Талғар өзені бассейнінің мұздақ көлдерінде автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жұмыстары да жүргізілуде. Жаңа жүйе биік таулы көлдердің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беріп, ықтимал сел қаупі туралы ерте ескерту тиімділігін арттырады.