
Абай облысы Абай ауданының Медеу ауылында «Ауыл құтқарушылары» 221-ші ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа құралым 360 тұрғыны бар ауылдың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Іс-шараға Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Алимкин және Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов қатысты.
Өрт сөндіру бекетінің ғимараты Абай ауданы әкімдігінің қаражаты есебінен жаңғыртылды. Нысанда жеке құрамның тиімді жұмыс істеуі мен кезекшілік атқаруы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ өрт техникасын орналастыруға арналған гараж қарастырылған. Бекет ТЖМ табыстаған өрт сөндіру автоцистернасымен, жауынгерлік киіммен, байланыс құралдарымен және қажетті өрт-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
ТЖД қызметкерлері еріктілерді төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге, өрттерді сөндіруге, өрт-техникалық жабдықтарды пайдалануға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға үйретеді.