Алматы облысындағы Жібек жолы ауылында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Алматы облысындағы Жібек жолы ауылында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

  ТЖМ басшысы генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Қарасай ауданындағы Жібек жолы ауылында жаңа өрт сөндіру депосын ашты. Бұған дейін ауылда жеке өрт сөндіру бөлімшесі болған жоқ. Енді жаңа депо Қарасай ауданындағы 83 мыңнан астам адам тұратын 14 елді мекенге жедел ден қоюды және өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді.

  Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтық қорғау жүйесін нығайту, заманауи өрт сөндіру және құтқару инфрақұрылымын дамыту, халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыру басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

  Өрт сөндіру депосы жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып, заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Ғимаратта заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған диспетчерлік бөлме, өрт сөндіру техникасына арналған гараж бокстары, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті және тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті барлық инженерлік коммуникациялар қарастырылған. Жеке құрамның дене даярлығын жетілдіру мақсатында заманауи спорттық жаттығу құралдарымен жабдықталған Batyr Team жаттығу залы да жасақталған. Депо аумағында қызметкерлердің спортпен шұғылданып, дене дайындығын қалыпта ұстауы үшін футбол алаңы да жабдықталған.

  Іс-шара соңында Шыңғыс Әрінов бөлімшеге жаңа өрт сөндіру депосының және жаңа өрт сөндіру автоцистернасының кілттерін табыстады. Сонымен қатар адал қызметі мен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өзге де ұйымдардың қызметкерлері ТЖМ-нің ведомстволық наградаларымен және Алматы облысы әкімінің марапаттарымен марапатталды.