ҚР ТЖМ Кубогына арналған өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша IX турнирдің жабылу рәсімі

ҚР ТЖМ Кубогына арналған өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша IX турнирдің жабылу рәсімі

  Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кубогына арналған өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша IX турнирдің салтанатты жабылу рәсімі өтіп, үш күнге созылған тартысты жарыс өз мәресіне жетті.

  Турнир барысында еліміздің ең мықты командалары жоғары спорттық шеберліктерін, кәсіби даярлықтарын, күш-қуатын, жылдамдығы мен төзімділігін көрсетті. Жүлделі орындар үшін тартыс соңғы сәтке дейін жалғасып, әрбір жарыс кезеңі спортшылардың мінезін, табандылығын және командалық бірлігін айқын танытты.

  Өрт сөндіру-құтқару спорты – азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығының ажырамас бөлігі. Бұл спорт түрі қызметтік міндеттерді сапалы орындауға қажетті дене дайындығын, батылдықты, командада жұмыс істей білу қабілетін және кез келген уақытта адамдарға көмек көрсетуге дайын болуды қалыптастырады. Сондықтан спорт алаңындағы әрбір жеңіс – өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жоғары кәсібилігінің көрінісі.

  Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша:
1 орын – Қостанай облысы ТЖД;
2 орын – Астана қаласы ТЖД;
3 орын – Шығыс Қазақстан облысы ТЖД.

  Ерлер арасындағы жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша:
1 орын – Шығыс Қазақстан облысы ТЖД;
2 орын – Астана қаласы ТЖД;
3 орын – Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД.

  ҚР ТЖМ Кубогына арналған IX турнир елімізде өрт сөндіру-құтқару спортының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарыс тәжірибе алмасуға, спорттық рухты нығайтуға және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берді.

  IX турнирдің қорытындысы бойынша өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы ТЖМ ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары жасақталады. Іріктеуден өткен спортшылар алдағы әлем чемпионатына дайындықтарын жалғастырып, халықаралық аренада Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын болады.