Қазақстанда 216-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 216-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Тәуіп ауылдық округіне қарасты Құйлыс ауылында 216-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті 800-ге жуық тұрғыны бар елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрттер мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, олардың алдын алу және салдарын жою бойынша шараларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

  Нысанда қызметті сапалы атқару үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, демалыс және жатын бөлмелері, ас үй, сондай-ақ өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған гараж жабдықталған. Бөлімше қажетті өрт-техникалық жабдықтармен, өрт сөндіру автоцистернасымен және ТЖМ ұсынған байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Еріктілер ТЖД мамандарының жетекшілігімен тұрақты түрде оқытылып, тәжірибелік сабақтардан өтеді. Бұл олардың кәсіби даярлық деңгейін жоғары деңгейде ұстап тұруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға әрдайым дайын болуына мүмкіндік береді.

  Жаңа өрт сөндіру бекетінің пайдалануға берілуі төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттыруға, ауылдық жерлерде табиғи және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ өңір тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға ықпал етеді.