Қазақстан ТЖМ ұшуларды іздестіру-құтқару қызметімен қамтамасыз ету бойынша ауқымды оқу-жаттығу өткізді

Қазақстан ТЖМ ұшуларды іздестіру-құтқару қызметімен қамтамасыз ету бойынша ауқымды оқу-жаттығу өткізді

  Алматы облысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Қазақстан ТЖМ-нің үйлестіруімен және басшылығымен авиациялық оқиға кезінде іздестіру-құтқару және психологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізуге арналған ауқымды тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді.

  Оқу-жаттығуға Қазақстан ТЖМ, Іздестіру және құтқаруды үйлестіру орталығы, ТЖМ мен Қазақстан Республикасы ҰҚК авиациясы, Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы және Жетісу облыстарының ТЖД жерүсті күштері мен құралдары, «Барыс» республикалық құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығы, Қырғыз Республикасынан келген байқаушылар, сондай-ақ басқа да қызметтер жұмылдырылды.

  Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, Іле өзенінің маңында бортында жолаушылары бар Boeing 727 жолаушылар ұшағы мәжбүрлі түрде қатты қонған. Оқу дабылы түскеннен кейін барлық жедел қызметтер дереу әзірлікке келтірілді. Шартты авиациялық оқиға орнына ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» авиациясының және Қазақстан Республикасы ҰҚК авиациясының әуе кемелері құтқарушылар мен медицина қызметкерлері мінген құраммен жіберілді. Шартты авиациялық оқиғаның орналасқан жері апат туралы дабыл мен әуе кемесінің координаттарын автоматты түрде жеткізетін халықаралық КОСПАС–САРСАТ жүйесі арқылы анықталды. Соның нәтижесінде оқиға туралы ақпарат әлемнің құтқару қызметтеріне жедел түрде белгілі болды.

  Оқу-жаттығу барысында құтқарушылар аз уақыт ішінде шартты әуе апаты болған орынды анықтап, аумаққа барлау жүргізді, зардап шеккендерді іздестіру мен эвакуациялауды ұйымдастырды, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оларды әуе көлігімен медициналық мекемелерге жеткізді. Дабыл түскен сәттен бастап зардап шеккендерді эвакуациялауға дейінгі әрекет етудің барлық кезеңдері белгіленген алгоритмдерге сәйкес орындалды. Оқу-жаттығу Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдарының авиациялық оқиғаларға байланысты төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайын екенін, сондай-ақ жұмылдырылған барлық қызметтердің өзара іс-қимылының жоғары деңгейде екенін растады.