Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша кубогына арналған IX турнир басталды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша кубогына арналған IX турнир басталды

  Қостанай қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша кубогына арналған IX турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

  Іс-шараға Қазақстан Республикасы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Даурен Данаев, ТЖМ-нің өрт сөндіру-құтқару спортын дамыту жөніндегі үйлестірушісі Мақсұт Есполов, ардагерлер, гарнизонның басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

  Жарысқа Қазақстанның 15 өңірінен келген ең үздік спортшылар қатысуда. Жүлделі орындар үшін еліміздің өрт сөндіру-құтқару спортының үздік өкілдерінен құралған 12 ерлер және 10 әйелдер командасы бақ сынайды.

  Салтанатты ашылу рәсімі барысында өрт сөндіру-құтқару спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Ерлан Төрегелдиев өрт сөндіру-құтқару спортын дамытуға көпжылдық үлес қосқаны үшін еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерген Бүрекешевке Алғыс хат табыстады. Даурен Данаев өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жоғары спорттық нормативті сәтті орындаған алты спортшыға Қазақстан Республикасы спорт шеберінің куәліктерін табыс етті.

  Жарыстың бірінші күнінде спортшылар «Шабуыл сатысымен көтерілу» тәртібі бойынша үздіктерді анықтайды. Бұл кезеңде қатысушылар жылдамдығын, шеберлігін және кәсіби даярлығының жоғары деңгейін көрсетеді. Аталған іс-шара еліміздің ең мықты өрт сөндіруші-спортшыларын біріктіретін маңызды спорттық оқиғаға айналып, Қазақстандағы өрт сөндіру-құтқару спортының даму деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.