Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейтті

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейтті

  ТЖМ жаңа бақылау-қадағалау өкілеттіктерін іске асыру аясында еліміздің су айдындарында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейтті.

  Барлық өңірлерде судағы оқиғалардың алдын алуға, кеме иелерінің жауапкершілігін арттыруға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері шағын көлемді кемелерді тіркеу құжаттары мен оларды басқару құқығын растайтын куәліктің болуын, құтқару кеудешелерінің пайдаланылуын, жүзу құралдарының техникалық жай-күйін, сондай-ақ жүзу қағидаларының сақталуын тексереді.

  Ең алдымен профилактикалық жұмыстарға басымдық беріледі. Шағын көлемді кеме иелері мен оларды жалға алушыларға заңнама талаптары, жүзу құралдарын қауіпсіз пайдалану қағидалары, құтқару құралдарын қолдану тәртібі, сондай-ақ анықталған бұзушылықтар үшін көзделген әкімшілік жауапкершілік шаралары түсіндіріледі. Бастапқы кезеңде негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға аударылған.

  Осы мақсатта барлық өңірлерде халықпен кездесулер, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді жалға беру қызметін көрсететін кәсіпкерлермен көшпелі кеңестер өткізіледі. Ведомстволық комитеттер шағын көлемді кеме иелеріне арналған брошюра әзірледі. Онда шағын көлемді кемелерді жарақтандыру мен жабдықтауға қойылатын негізгі талаптар, оларды техникалық куәландыру тәртібі және заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілік шаралары қамтылған.

  Жамбыл облысында Төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеттерінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, көлік прокуратурасының және табиғатты қорғау полициясының өкілдерінің қатысуымен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданудың жаңа алгоритмі апробациядан өткізілді. Сонымен қатар, Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп мемлекеттік инспекторларға арналған нұсқамалық кеңестер ұйымдастырылып, онда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларын қолдану және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.

  Батыс Қазақстан облысында бақылау іс-шаралары Көліктік бақылау инспекциясымен және табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп жүргізілуде. Қарағанды облысында профилактикалық рейдтерге көлік прокуратурасының, көліктік бақылау инспекциясының, ішкі істер органдарының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылған. Тексеру барысында жылдамдық режимінің сақталуына, кемелерді алкогольдік масаң күйде басқаруға жол бермеуге және тіркелмеген жүзу құралдарын пайдаланудың алдын алуға ерекше назар аударылады.

  Жетісу облысындағы Алакөл және Балқаш көлдерінде бақылау іс-шаралары тұрақты негізде жүргізілуде. Рейдтер барысында кеме иелерімен нұсқама өткізіліп, шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндіріледі. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 42 әкімшілік хаттама, сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 22 әкімшілік хаттама толтырылды.

  Абай облысы мен Шымкент қаласында да күшейтілген рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Рейдтер барысында азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріледі. Заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады.

  ТЖМ судағы қауіпсіздік белгіленген қағидалардың сақталуына тікелей байланысты екенін еске салады. Шағын көлемді кеме иелері мен оларды басқарушылар жүзу құралдарын заңнама талаптарына сәйкес пайдалануға, құтқару кеудешелерін қолдануға, өзімен бірге қажетті құжаттарды алып жүруге және қауіпсіз жүзу қағидаларын қатаң сақтауға міндетті. Осы талаптарды сақтау навигация және шомылу маусымы кезеңінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі болып табылады.