ТЖМ басшысы Талғар қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімін ашты

ТЖМ басшысы Талғар қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімін ашты

  Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысының Талғар қаласында жаңа №17 өрт сөндіру бөлімін салтанатты түрде ашты. Іс-шараға сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

  Іс-шара барысында министр азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне жаңа өрт сөндіру депосының, заманауи өрт-құтқару техникасының және қызметтік тұрғын үйдің кілттерін табыстады. Бөлімшенің жарағына өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты және жедел-құтқару автокөлігі берілді. Жаңа өрт сөндіру бөлімі республикалық бюджет қаражаты есебінен ТЖМ-нің бұрынғы «Қазселденқорғау» ММ ғимаратын күрделі реконструкциялау негізінде құрылды. Бөлімше Талғар қаласы мен оған іргелес орналасқан 17 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету аумағында 160 мыңнан астам тұрғын тұрады.

  Жаңа ғимарат өртке қарсы қызмет бөлімшелеріне қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Мұнда өрт техникасына арналған гараж бокстары, заманауи диспетчерлік пункт, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар, оқу сыныбы, демалыс бөлмелері мен ас үй жабдықталған. Екінші қабатта жеке құрамға арналған қызметтік пәтерлер орналасқан. Қызметкерлердің дене даярлығының жоғары деңгейін сақтау мақсатында спорттық жаттығу құрылғыларымен, бокс рингімен және қажетті спорттық жабдықтармен жабдықталған заманауи «Batyr Team» жаттығу аймағы құрылды.

  Салтанатты рәсім барысында ТЖМ-нің ведомстволық наградаларымен және облыс әкімінің марапаттарымен құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ жобаны іске асыруға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Жаңа нысан азаматтық қорғау жүйесін дамыту, өртке қарсы қызметті нығайту және Алматы облысы тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудағы кезекті маңызды қадам болды.