
Астанада алғаш рет өрт сөндіру-құтқару көпсайысы FireFit бойынша Төтенше жағдайлар министрінің кубогы өтті. Жарысқа «Хабар», Atameken Business, «Бірінші Еуразия», «Астана» телеарнасының, сондай-ақ «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігінің, Qogam News, Zakon.kz, Kursiv Media, «Алаш Орда», Press.kz, «Азаттық радиосы» және «Тізгін» басылымдарының командалары қатысты.
Іс-шараның ашылуында вице-министр Рамиль Камалов сөз сөйлеп, Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтың құттықтауын оқып берді. Министр өз үндеуінде журналистер қауымына министрлік қызметін жан-жақты әрі объективті жариялап келе жатқандары үшін алғыс білдіріп, қатысушыларға жарысты лайықты деңгейде аяқтауға тілек білдірді.
Жарыс бағдарламасы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қызметіндегі нақты міндеттерге негізделген сегіз кезеңнен тұрды. Қатысушылар барлық кезеңді толық жауынгерлік киіммен және арнайы жабдықпен өтіп, құтқарушылар қызметінің физикалық жүктемесі мен жоғары жауапкершілігін өз тәжірибесінде сезінді.
Алғашқы ТЖМ Министрі кубогының иегері Atameken Business командасы атанды. Екінші орынды Qogam News иеленсе, үшінші орын «Хабар» телеарнасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Министр кубогымен, дипломдармен, естелік сыйлықтармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жаңа форматтағы жарыс бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ТЖМ қызметкерлерінің жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп, министрлік пен медиа қауымдастық арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір тиімді алаңына айналды.