Қазақстанда 215-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 215-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Қостанай облысы Қамысты ауданының Клочково ауылында 215-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы жұмысын бастады. Өрт сөндіру бекеті аудан орталығынан 67 шақырым қашықтықта орналасқан. Жаңа бөлімшенің өртке қарсы қорғауына жалпы саны 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар екі елді мекен алынды.

  Өрт сөндіру бекетінің қызметін атқару үшін қажетті өрт-техникалық жарақпен толық жабдықталған өрт сөндіру автоцистернасы берілді. Сонымен қатар бөлімше үш жиынтық өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді.

  Өрт сөндіру бекетінің ашылуы Қостанай облысының азаматтық қорғау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам болды. Жобаны іске асыру шалғайдағы ауылдық елді мекендерге өрт сөндіру күштері мен құралдарын жақындатып, өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартуға, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігі мен мүлкінің сақталу деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.