
Алматыда Төтенше жағдайлар министрлігі Ұлттық волонтерлік ұйыммен бірлесіп ұйымдастырған республикалық волонтерлер форумы өз мәресіне жетті. Форумның жабылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Форумға еліміздің 20 өңірінен келген волонтерлер ұйымдарының өкілдері жиналды.
Форумның маңызды оқиғаларының бірі – Төтенше жағдайлар министрінің форум қатысушыларымен кездесуі болды. Волонтерлер ұйымдарының өкілдері министрмен волонтерлер қозғалысын дамыту, азаматтық қорғау бөлімшелерімен ынтымақтастықты кеңейту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына волонтерлердің қатысуы мәселелерін талқылады.
Қатысушыларға арнаған сөзінде Шыңғыс Әрінов волонтерлердің құтқарушылар үшін әрдайым сенімді тірек болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қиын жағдайға тап болған адамдарға алғашқылардың бірі болып көмекке келетін де – волонтерлер. Министр форум қатысушыларына жауапкершілігі, жанашырлығы және қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын тұратындығы үшін алғысын білдірді.
Форумның бағдарламасы үш күнге созылды. Қатысушылар үшін тәжірибелік сабақтар, салалық мамандармен кездесулер және тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылды. Волонтерлер ТЖМ-нің заманауи техникасымен танысып, гарнизонның жаңа өрт сөндіру бөлімдерін аралады, сондай-ақ Алматының таулы аймағына ұйымдастырылған экскурсияға қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматы қаласының командасы жеңіп алды. Екінші орын Қарағанды облысының командасына, ал үшінші орын Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды.
Салтанатты жабылу рәсімінде ведомство басшысы азаматтық қорғау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан волонтерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Ұлттық волонтерлік желі директорының орынбасары Гүлжамиля Камарова және 10-шы өңірлік іздестіру-құтқару жасағының волонтері Сабыржан Әлібаев марапатталды.
«Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «Батыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Светлана Кенишева, «Орда» іздестіру-құтқару жасағының волонтері Арман Өтебаев және «Лидер» ұйымының волонтері Тұрсынжан Дауытахунов марапатталды.
Форум волонтерлер мен Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсетті. Мұндай іс-шаралар ынтымақтастықты нығайтуға, қатысушылардың практикалық дағдыларын жетілдіруге және ел тұрғындары арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ықпал етеді.