ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Шомылу маусымының өтуі және шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану туралы» тақырыбында брифинг өтті. Спикерлер: ТЖМ ТЖ жою департаменті басқармасының бас маманы Қажкенов Дидар Сәкенұлы, сондай-ақ ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті басқармасының аға офицері Темірбеков Қуаныш Серікұлы болды.
Шағын көлемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мақсатында шағын көлемді кемелерге бақылау және қадағалау жүргізу функциясы Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді.
Мүдделі мемлекеттік органдармен жүргізілген талқылаулардың қорытындысы бойынша бірыңғай ұстаным қалыптастырылды. Оған сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне тек бақылау және қадағалау функциялары беріледі, ал Көлік министрлігінде реттеуші және іске асыру функциялары сақталады.
2026 жылғы 11 маусымда Мемлекет басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Ішкі су көлігі туралы» және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді көздейтін заңдарға қол қойды. Аталған өзгерістер 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Осы бағыттағы жұмыстың алғашқы аптасында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері шағын көлемді кеме иелеріне қатысты 164 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Негізінен, бұл шағын көлемді кемені басқару құқығынсыз басқару, демалушылардың шомылу аймағына кіру және кемелердің техникалық ақауларымен байланысты құқық бұзушылықтар.
Әкімшілік тәжірибе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 6 бабы бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 580-бап құтқару құралдарының болмауы, жолаушылар сыйымдылығы нормаларын бұзу немесе жолаушылардың қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, 581-баптың 2-бөлігі кеме қатынасы қауіпсіздігіне қатер төндіру, 582-бап шағын көлемді кемені басқару құқығынсыз басқару немесе оны басқару құқығы жоқ адамға беру, 583-баптың 2 және 3-бөліктері маневр жасау қағидаларын бұзу, 584-бап техникалық ақауы бар немесе техникалық куәландырудан өтпеген шағын көлемді кемені пайдалану, ал 586-бап шағын көлемді кемелердің тұрақ базаларын пайдалану, сондай-ақ оларды сақтау және орналастыру тәртібін бұзу жағдайларын қамтиды.
Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тағы екі бабы қолданылады. Атап айтқанда, Ішкі істер органдарының құзыретіне жататын 364-бап бойынша құқық бұзушылар ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне кіретін 412-бап бойынша су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мұндай іс-шаралар кешені, оның басым бөлігі жағажайда демалушылармен, су көлігі мен түрлі су аттракциондарын пайдаланушылармен, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді жалға берушілермен жүргізілетін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарынан тұрады. Оның басты мақсаты – еліміздің су айдындарында қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар министрлігі басқа да орталық мемлекеттік органдармен және өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Атап айтқанда, ТЖМ, ІІМ қызметкерлері мен еріктілер ұйымдарының күшімен қауіпті учаскелерде адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында 31 мыңнан астам рейд пен патрульдеу шарасы өткізілді. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзған азаматтарға қатысты шаралар қабылданып, әкімшілік жауапкершілікке 1286 құқық бұзушы тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 миллионнан астам құрады.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарының қараусыз учаскелерінде ТЖМ аумақтық бөлімшелері тарапынан қосымша 192 мобильді құтқару тобы қойылды.
Сондай-ақ, бүгін ТЖМ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық акциясы жалғасуда. Акция аясында белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Талдау көрсеткендей, судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – халықтың, әсіресе балалардың, судағы қауіп-қатерді толық түсінбеуі және бағаламауы. Сондықтан біздің негізгі күш-жігеріміз профилактикалық жұмыстарды күшейтуге бағытталған.
Жыл басынан бері 24 мың бала жүзу дағдыларына оқытылды, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар 166 мыңға жуық көрнекі оқу-ағарту материалдары (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылып, су айдындарында 1403 қауіпсіздік белгісі орнатылды.
Өкінішке қарай, суға кету салдарынан болатын өлім жағдайларының 95 пайызы рұқсат етілмеген әрі жабдықталмаған су айдындарында орын алады.
Осыған байланысты халықтың назарын тағы да маңызды қауіпсіздік шараларына аударғымыз келеді. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін тек рұқсат етілген және қауіпсіз су айдындарында демалуға шақырамыз!
Қауіпсіз демалыс орындары туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, әкімдіктер мен өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерінің ресми интернет-ресурстарында, сондай-ақ 2GIS қосымшасында жарияланады.
Биыл республика бойынша су айдындарында жаппай демалуға, туризмге және спортпен айналысуға арналған 733 рұқсат етілген орын белгіленді. Оның ішінде 294 коммуналдық және 420 жеке жағажай бар, ал 19 нысан спорттық және туристік мақсаттарға арналған. Барлық коммуналдық жағажайлардың халық үшін тегін екенін ерекше атап өткен жөн.
Жүргізіліп жатқан кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде суға кету оқиғаларының саны жыл сайын азайып келеді. 2026 жылғы шомылу маусымы басталғаннан бері ТЖМ қызметкерлері патрульдеу кезінде суға батқан 90 адамды құтқарды, оның ішінде 23 бала (2026 жылдың басынан бастап су айдындарында 116 адам, оның ішінде 35 бала құтқарылды).
ТЖМ судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:
- балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз;
- тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде шомылмаңыз;
- мас күйде суға түспеңіз;
- шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеңіз;
- шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамаңыз;
- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгімеңіз;
- жүзуге арналмаған заттармен суда жүзбеңіз;
- қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған өзге де құрылыстардан суға секірмеңіз.
Осы қарапайым қағидаларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.