
Қазақстандық жас құтқарушылар командасы Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өткен XII халықаралық «Жас құтқарушы» жарысында лайықты өнер көрсетті. Биылғы жарыста Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген командалар үздік атану үшін бақ сынады.
Халықаралық аренада Қазақстанның намысын Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы №40 орта мектептің оқушылары қорғады. Команданың барлық мүшесі 2025 жылы ТЖМ бастамасымен мектепте ашылған «Жас құтқарушы» бейіндік сыныбында білім алады. Халықаралық жарыста ел намысын қорғау құқығына олар республикалық кезеңдердегі жоғары нәтижелерінің арқасында ие болды. Бұған дейін оқушылар облыстық «Жас құтқарушы» слетінде жеңімпаз атанып, кейін өңірдің үздік командаларының қатарына енген болатын.
Бірнеше күн бойы қатысушылар төрт кезең бойынша бақ сынады: аралас өрт сөндіру эстафетасы, кедергілер жолағынан өту, «Менің елім - менің командам» байқауы және «Іздестіру және құтқару» кезеңі. Сайыс барысында командалар дене дайындығын, құтқару ісі бойынша практикалық дағдыларын, командалық жұмыстағы үйлесімділігін және қауіпсіздік саласындағы білімдерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы алты елдің командалары арасында жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Сонымен қатар жас құтқарушылар жекелеген кезеңдерде жоғары нәтиже көрсетіп, «Менің елім - менің командам» байқауында І орынды, ал аралас өрт сөндіру эстафетасында ІІІ орынды жеңіп алды.
Халықаралық жарысқа қатысу жас құтқарушылар үшін кәсіби тұрғыда шыңдалудың маңызды кезеңіне айналды. Олар жаңа тәжірибе жинақтап, өзге елдерден келген қатысушылармен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, еліміздің жас құтқарушыларының жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.