
Алматы қаласында еліміздің барлық өңірінен келген 20 команданың қатысуымен өтіп жатқан Республикалық волонтерлер форумы жалғасуда. Форумның екінші күні ең мазмұнды әрі тартысты кезеңдердің бірі болды. Қатысушылар төтенше жағдайларға барынша жақындатылған жағдайда өздерінің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын сынады.
Жарыс басталар алдында ұйымдастырушылар волонтерлерге кезеңдерден өту тәртібін, бағалау критерийлерін және қауіпсіздік талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Осыдан кейін командалар практикалық тапсырмаларды орындауға кірісті. Алғашқы кезеңде жол-көлік оқиғасы салдарынан зақымданған автокөліктен зардап шегушіні құтқару тапсырмасы берілді. Қатысушылар мойын омыртқасын дұрыс бекітіп, шартты зардап шегушіні қауіпсіз түрде көліктен шығарып, эвакуациялауы тиіс болды.
Келесі кезеңдерде командалар жабық балтыр сүйегінің сынуы кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шина салды, зардап шегушіні зембілмен тасымалдады, «Траверс» және «Аспалы өткел» атты арқанмен өту кезеңдерінен өтті. Жарыс өрт сөндіру эстафетасымен қорытындыланып, онда қатысушылар өрт-техникалық құрал-жабдықтарды пайдалану шеберлігі мен жауынгерлік қанат жаю жылдамдығын көрсетті.
Әр кезеңде төрешілер құтқару іс-қимылдарының дұрыс орындалуын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, командалық үйлесімділікті және шешім қабылдау жылдамдығын бағалады. Еске салсақ, форумның алғашқы күні волонтерлер алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқудан өтті. Олар жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу, қан кетуді тоқтату, зардап шегушіні тасымалдау, суға кеткен адамға көмек көрсету дағдыларын меңгеріп, психологиялық даярлық бойынша сабақтарға қатысты.
Республикалық форум волонтерлік мәдениетті дамытуға және еріктілердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дайындығын арттыруға бағытталған. Форум барысында алған білімдері мен практикалық тәжірибесі волонтерлерге төтенше жағдайлар кезінде халыққа жедел көмек көрсетіп, жедел қызметтермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.