Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы «Алатау» оңтүстік базасында волотерлердің республикалық форумының салтанатты ашылуы өтті. Форумға Қазақстанның 20 өңірінен келген волонтерлер ұйымдарының өкілдері қатысуда. Бірнеше күн бойы олар төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіретін болады.
Шынайы жағдайларға барынша жақындатылған ортада қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, команда құрамында тиімді әрекет ету және түрлі төтенше жағдайларға жедел ден қою бойынша бірқатар арнайы кезеңдерден өтіп, өздерінің білімі мен практикалық дағдыларын көрсетеді.
Форумның алғашқы күні салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Сап алаңына еліміздің барлық өңірінен келген 20 волонтерлер командасы сап түзеді. Бағдарламаның практикалық бөлімі ТЖМ құтқарушылары мен Алматы қаласының Құтқару қызметі ұйымдастырған көрсетілімдік тактикалық-арнайы оқу-жаттығудан басталды. Қатысушылар түрлі төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде кәсіби бөлімшелердің іс-қимылдарымен танысты.
Құтқарушылар кинологиялық есептоптарды жұмылдыра отырып, жер сілкінісінен кейін үйінді астынан зардап шеккендерді іздеу және құтқару, күшті әсер ететін химиялық заттардың төгілуінің салдарын жою, гидравликалық авариялық-құтқару құралдарын пайдалана отырып жол-көлік оқиғалары кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ құтқару операциялары барысында жедел қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін көрсетті.
ТЖМ құтқарушылары мен Құтқару қызметінің мамандары өткізген практикалық шеберлік сабақтары қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Волонтерлер алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді тасымалдау, судағы адамдарды құтқару, сондай-ақ бастапқы өрт сөндіру құралдарын қолдана отырып өртті сөндірудің бастапқы әрекеттерін меңгерді. Әрбір жаттығу тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен іс жүзінде пысықталды. Сонымен қатар, Апаттар медицинасы орталығының мамандары арнайы оқу бағдарламасын өткізді.
Волонтерлер алғашқы шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша семинарлық сабақтарға қатысып, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу, қан кетуді тоқтату, зардап шеккендерді тасымалдау және суға батқан адамдарға көмек көрсету дағдыларын пысықтады. Ұйымдастырушылар қатысушылардың психологиялық даярлығына ерекше назар аударды. Сабақ барысында волонтерлер алғашқы психологиялық көмек көрсету негіздерін, зардап шеккендермен және олардың жақындарымен қарым-қатынас жасау ерекшеліктерін, сондай-ақ ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде психологиялық тұрақтылықты сақтаудың әдістерін меңгерді. Қазақстандағы «Врачи без границ» халықаралық гуманитарлық ұйымының тренерлері төтенше жағдайлар кезіндегі психоәлеуметтік қолдаудың маңыздылығына арналған дәріс өткізді. Қатысушылар дағдарыс жағдайларында күйзелісті төмендету қағидаларымен танысты.
Республикалық форум тәжірибе алмасуға, практикалық дағдыларды жетілдіруге және волонтерлер ұйымдары мен ТЖМ бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Форум барысында алған білімдері мен машықтары қатысушыларға төтенше жағдайлар туындаған кезде жедел әрі тиімді әрекет етіп, халыққа уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.