Қазақстан ТЖМ шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды бастады

Қазақстан ТЖМ шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды бастады

  1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер берілді.

  Тиісті заңнамалық өзгерістер Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 11 маусымында қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Аталған өкілеттіктерді беру су айдындарында, әсіресе халық жаппай демалатын орындарда азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді пайдалануға байланысты оқиғалардың алдын алу бойынша кешенді тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған.

  Жаңа функцияларды іске асыру аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері Көлік прокуратурасымен бірлесіп, су айдындарында профилактикалық іс-шаралар, рейдтер мен тексерулер жүргізуде, шағын көлемді кемелер иелері мен кеме жүргізушілерінің заңнама талаптарын сақтауын бақылауда, сондай-ақ халық арасында судағы қауіпсіз мінез-құлық қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптарының сақталуына, міндетті құтқару құралдарының болуына, тиісті басқару құқығы жоқ тұлғалардың кемені басқаруына жол бермеуге, сондай-ақ техникалық ақауы бар жүзу құралдарын пайдалануды болдырмауға ерекше назар аударылуда.

  Қазақстан Республикасының шағын көлемді кемелерді пайдалану саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бүгінгі таңда республика бойынша 164 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Барлық фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

  Қазақстан ТЖМ шағын көлемді кемелердің барлық иелері мен кеме жүргізушілеріне қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың, құтқару құралдарын пайдаланудың, ауа райы жағдайын алдын ала бағалаудың және өз қауіпсіздігі мен айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын еске салады.