Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстандық құтқарушылар қорының қолдауымен өткен «Жас құтқарушы–2026» республикалық слеті аяқталды.
Төрт күнге созылған жарыс барысында еліміздің барлық өңірлерінен келген жас құтқарушылар командалары өздерінің теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын, дене дайындығын, ұйымшылдығы мен төтенше жағдайларда әрекет ету қабілеттерін көрсетті. Слет бағдарламасы болашақ құтқарушылардың жан-жақты даярлығын бағалауға бағытталған жеті кезеңнен тұрды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығын дәріптеу, жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, патриоттық тәрбиені нығайту және төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын дамыту.
Қорытынды жарыс күні қатысушылар «Алғашқы медициналық көмек көрсету» кезеңінде бақ сынады. Командалар теориялық білімдері мен практикалық дайындықтарының жоғары деңгейін, жедел шешім қабылдау қабілеті мен тиімді командалық жұмысты көрсетті.
«Алғашқы медициналық көмек көрсету» кезеңінің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: 1 орын - Ақмола облысы, 2 орын - Жамбыл облысы, 3 орын - Жетісу облысы.
Слет барысында барлық командалар жоғары дайындық деңгейін, тәртіпті, ұйымшылдықты, өзара қолдауды және нағыз жарыс рухын көрсетті. Қатысушылардың әрқайсысы жеңіске деген жігерін танытып, құтқарушы мамандығына лайық қасиеттерін дәлелдеді.
Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жүлделі орындар төмендегідей анықталды: 1 орын - Жамбыл облысы, 2 орын - Қызылорда облысы, 3 орын - Солтүстік-Қазақстан облысы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Жас құтқарушы–2026» республикалық слеті жас ұрпақтың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, патриоттық рухты нығайтуға және болашақ құтқарушыларды даярлауға бағытталған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.