
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барды. 1960 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа ұзақ жылдардан кейін алғаш рет кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Министрге жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінің инфрақұрылымын жаңғырту азаматтық қорғау жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі.
Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі Рудный қаласы мен оған жақын орналасқан екі елді мекеннің, жалпы саны шамамен 124 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары бөлімде терезе блоктары толық ауыстырылып, шатыр жөнделді, әкімшілік ғимарат пен резервтік гараждардың қасбеттері жаңартылды. Биыл диспетчерлік пунктте, асүйде, санитарлық торап пен душ бөлмелерінде жөндеу жұмыстары аяқталып, бұл жеке құрамның қызмет атқару жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.
Министр жаңартылған қызметтік және тұрмыстық үй-жайларды, сондай-ақ Batyr Team жаңа спорт залын аралап көрді. Заманауи жаттығу алаңы жеке құрамның дене дайындығын жоғары деңгейде ұстап тұруға және өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша Шыңғыс Әрінов қызметкерлердің сапалы қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасау Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Өрт сөндіру бөлімшелерін кезең-кезеңімен жаңғырту олардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға ықпал етеді.