
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан қайта жаңғыртылған «Батыр» спорт кешеніне барды. ТЖМ басшысына азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге, кәсіби даярлығын жетілдіруге және өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыстар ұйымдастыруға арналған кешеннің мүмкіндіктері таныстырылды.
Министрге спорт кешенінің инфрақұрылымында жүргізілген жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Жоба аясында оқу мұнарасы мен жаттығу корпусы заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, киім ауыстыратын және душ бөлмелері пайдалануға берілді, сондай-ақ жаңа спорттық құрал-жабдықтармен толықтырылды. Нәтижесінде жеке құрамның жыл бойы жаттығу өткізуі мен практикалық даярлығын жетілдіруге қолайлы жағдай жасалды.
Сапар барысында Шыңғыс Әрінов қоян-қолтық ұрыс, қазақ күресі және өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша балалар мен ересектер құрамаларының тәрбиеленушілерімен кездесті. Спортшылар көрсетілім қойылымдарын ұсынып, одан кейін министр жаттықтырушылармен және құрама мүшелерімен әңгімелесті.
ТЖМ басшысы Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіріп, заманауи спорттық инфрақұрылым азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің сапалы даярлығын қамтамасыз етуге және ведомстволық спортты дамытуға ықпал ететінін атап өтті.