
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қостанай облысының Тобыл қаласында №28 өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Жаңа нысан Тобыл қаласының тарихындағы алғашқы кәсіби өрт сөндіру бөлімі әрі өңірдің азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы маңызды қадам.
Заманауи өрт сөндіру депосы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды. Жаңа бөлімше 13 мыңға жуық тұрғыны бар 23 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өрт сөндіру бөлімінде тәулік бойы қызмет атқаруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, диспетчерлік пункт, жеке құрамның демалуына және даярлығына арналған бөлмелер, сондай-ақ өрт-техникалық қару-жарақ пен жабдықтарды сақтау және қызмет көрсету аймақтары жабдықталған. Штат бойынша бөлімде 32 қызметкер жұмыс істейді және бес бірлік өрт сөндіру техникасымен жарақтандырылған.
Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов пен Құмар Ақсақалов Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне берілетін жаңа арнайы техниканың кілттерін табыстады. Гарнизонның автопаркі жедел-қызметтік автокөліктермен, командалық-штабтық автокөлікпен, өрт сөндіру автоцистерналарымен және автосатылармен толықты. Жобаны іске асыруға және азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің және облыс әкімдігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.
Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы Тобыл қаласы мен оған іргелес елді мекендердің өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір арттыруға, алғашқы бөлімшелердің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысанды дамыту жұмыстары жалғасады. Екінші кезеңде оқу мұнарасын, жеке құрамға арналған жатақхананы және спорт кешенін салу жоспарланған. Барлық кезең аяқталғаннан кейін өрт сөндіру бөлімі азаматтық қорғау жүйесінің талаптарына толық сәйкес келетін, жеке құрамды даярлау мен қызмет өткеруге арналған заманауи орталыққа айналады.