Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің делегациясы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы аясында Ресей ТЖМ ұйымдастырған Санкт-Петербург қаласындағы «Газпром Арена» стадионында өткен ведомствоаралық оқу-жаттығуға бақылаушы ретінде қатысты.
Практикалық бөлім барысында адамдар жаппай жиналатын нысандағы шартты төтенше жағдайды жою кезінде жедел қызметтердің іс-қимылдары көрсетілді. Оқу-жаттығудың жекелеген кезеңдері су айдынында өтіп, онда су объектілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құтқару жұмыстарын жүргізу іс-қимылдары пысықталды.
Іс-шара соңында Санкт-Петербург қаласының өрт сөндіру-құтқару гарнизонының күштері мен құралдары, авариялық-құтқару құрамалары және мамандандырылған техниканың көрсетілімі өтті.
Қазақстан ТЖМ делегациясы ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастырумен, заманауи техниканы қолдану тәжірибесімен және ресейлік әріптестердің төтенше жағдайларға ден қою саласындағы озық тәжірибесімен танысты.