«Қазавиақұтқару» авиациялық жасағының тарихында алғаш рет ТЖМ өткізген оқу-жаттығу барысында ұшу даярлығының ең күрделі элементтерінің бірі сәтті орындалды. Атап айтқанда, әуе кемесі автомобиль жолының учаскесіне қонып, кейін шартты түрде ауыр халдегі науқасты эвакуациялау операциясы жүзеге асырылды. Оқу-жаттығу Атырау облысында «Астрахань – Атырау – Доссор – Ақтөбе» республикалық маңызы бар автомобиль жолының бір учаскесінде өтті.
Оқу-жаттығу барысында экипаждар белгіленген маршрут бойынша бағдарлау және навигация жүргізу, әуе кемесін автомобиль жолының учаскесіне қондыру, шартты науқасты Атырау қаласына тасымалдау, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде жедел ден қою алгоритмдерін пысықтады.
Осы бірегей оқу-жаттығу барысында әуе кемесін жоғары кәсіби шеберлік танытқан нұсқаушы-ұшқыштар Ильгар Шарипов пен Евгений Шимолин басқарды. Арнайы авиациялық навигация құралдарымен жабдықталмаған әрі шектеулі автомобиль жолы учаскесіне қону экипаждан аса жоғары шоғырлануды және дәлдікті талап етті.
Мұндай сценарийлерді тәжірибе жүзінде пысықтау шұғыл медициналық көмекті көрсету уақытын қысқартуға және инфрақұрылымы шектеулі жағдайларда ТЖМ авиациясының міндеттерді орындауға дайындығын арттыруға бағытталған. Бұл тіпті қолжетімділігі қиын аудандардан зардап шеккендерді медициналық мекемелерге жедел эвакуациялауға мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығуға ТЖМ-нің 2 әуе кемесі, 20-дан астам арнайы техника, сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның, әкімдіктің және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 60-қа жуық құтқарушысы мен авиация мамандары жұмылдырылды.