
Көкшетау қаласында еліміздің барлық өңірлерінен келген жас құтқарушылар командаларының қатысуымен өтіп жатқан «Жас құтқарушы – 2026» республикалық слеті жалғасуда.
Екінші жарыс күні қатысушылар «Өрт эстафетасы» және «Техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары» (жауынгерлік қанат жаю) кезеңдері бойынша өз шеберліктерін сынады. Жарыстар Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында өтті.
«Өрт эстафетасы» кезеңінде командалар жылдамдық, ептілік және үйлесімді іс-қимыл бойынша бақ сынап, өрт сөндіруші-құтқарушылардың қызметіне барынша жақындатылған кезеңдерден өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1 орын – Ақтөбе облысы;
2 орын – Ақмола облысы;
3 орын – Абай облысы.
«Техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары» (жауынгерлік қанат жаю) кезеңінде қатысушылар жоғары дене дайындығын, дәлдікті және тиімді командалық жұмысты талап ететін практикалық тапсырмаларды жылдам әрі сауатты орындау қабілеттерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей анықталды:
1 орын – Жамбыл облысы;
2 орын – Павлодар облысы;
3 орын – Қарағанды облысы.
Жарыстар тартысты әрі қызықты жағдайда өтуде. Әр команда өздерінің жоғары дайындық деңгейін, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетуге тырысуда.
Ертең қатысушылар «Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары» (су кедергісінен өту) және «Су айдынындағы құтқару жұмыстары» кезеңдері бойынша сынға түседі.