Шыңғыс Әрінов ҰҚШҰ-ның Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты

Шыңғыс Әрінов ҰҚШҰ-ның Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Санкт-Петербург қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің он жетінші отырысына қатысты.

  Отырыс барысында сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов қазіргі төтенше жағдайлар мемлекеттер арасындағы жоғары дайындықты, жедел ақпарат алмасуды және іс-қимылдарды тығыз үйлестіруді талап ететінін атап өтті. Ол Қазақстанда азаматтық қорғау жүйесі кезең-кезеңімен дамытылып, төтенше жағдайлардың алдын алу тетіктері жетілдіріліп, цифрлық технологиялар енгізіліп, бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатқанын айтты.

  Министр су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, «Теңіз жасағы» АҚ Каспий теңізінің Қазақстан секторында мұнайдың авариялық төгілуінің алдын алу және оның салдарын жоюға тұрақты дайындықты қамтамасыз етеді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне шағын көлемді кемелер жөніндегі мемлекеттік инспекцияның функциялары беріледі. Бұл су айдындарындағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп, қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

  ТЖМ басшысы бірлескен оқу-жаттығулардың құтқару бөлімшелерін даярлаудағы негізгі тетіктердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар практикалық дағдыларды жетілдіруге, өзара іс-қимылды нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

  Отырыс барысында қатысушылар атқарылған жұмыстардың қорытындыларын шығарып, «Жартас-2026» халықаралық оқу-жаттығуына дайындықты, 2027 жылға арналған іс-шаралар жоспарының жобасын, Кеңестегі төрағалық ету және келесі отырысты өткізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Тәжікстан Республикасында ҰҚШҰ-ның Гуманитарлық ден қою орталығын құру мәселесіне ерекше назар аударылды.

  Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің он жетінші отырысының хаттамасына қол қойылды. Құжатта төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қабылданған шешімдер мен алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары бекітілді.