
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Ұлғайсын ауылында 212-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа өрт сөндіру бекеті Ұлғайсын және Қияқты ауылдарын қамтитын Аралтоғай ауылдық округінің 480-нен астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Іс-шараға ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен шақырылған қонақтар қатысты.
Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынып, заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Жеке құрамның қызмет атқаруына барлық қажетті жағдай жасалған: жатын бөлмелер, ас үй және өрт сөндіру техникасына арналған гараж қарастырылған. Бөлімше қажетті өрт-техникалық құрал-жабдықтармен, байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етіліп, еріктілермен жасақталған.
Жаңа нысанның пайдалануға берілуі төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттырып, ауылдық жерлерде табиғи және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ өңір тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.