Қазақстанда 211-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 211-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Ақсу ауданының Матай ауылында 211-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті. Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуымен Матай, Құрақсу, Жасқазақ, Береке және Ақөзек ауылдары өрттен қорғалып, жалпы саны 4 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

  Іс-шараға облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Адамбек Оразалинов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.

  Құралым жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. ТЖМ бекетті өрт сөндіру техникасымен, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен, сорғы жабдықтарымен, өрт сөндіру жеңдерімен, арнайы құрал-саймандармен, қорғаныс киімдерімен және байланыс құралдарымен жабдықтады. Жеке құрам өрт-тактикалық сабақтар мен оқу-жаттығуларды қамтитын практикалық даярлықтан өтеді. Іс-шара барысында аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.

  Өртке қарсы бөлімшенің құрылуы мен дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен іс-шараға қатысушылар облыстық ТЖД-ның Алғыс хаттарымен марапатталды. Жобаны іске асыру өрттерге ден қою уақытын қысқартуға және ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.