Қазақстанда 209-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 209-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылында 209-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті. Жаңа өрт сөндіру бекеті Жақсыбай және Ақадыр ауылдарының 930-дан астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

  Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Елдос Батталов, Жәнібек аудандық мәслихатының төрағасы және мәслихат аппаратының басшысы Тахир Кадимов, жеке құрам және ауыл тұрғындары қатысты. Нысан жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөнделіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

  Ғимарат тәулік бойы қызмет атқаруға толық бейімделген. Онда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмесі мен асүй қарастырылған. Құралым қажетті техникамен, байланыс құралдарымен және арнайы киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ТЖД бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасын, төрт жауынгерлік киім жиынтығын және радиостанцияны табыстады.

  Жаңа нысанның пайдалануға берілуі төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартып, ауылдық елді мекендердегі табиғи және дала өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.