Қазақстанда 208-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралым ашылды

Қазақстанда 208-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралым ашылды

  Ақмола облысы Бурабай ауданының Веденовка ауылында ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін арттыру және төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқарту мақсатында құрылған 208-ші «Ауыл құтқарушыларының» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

  Жаңа өрт сөндіру бекеті ең жақын мамандандырылған өрт сөндіру бөлігінен 67 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның ашылуы жалпы саны 1 500-ге жуық адам тұратын төрт елді мекен тұрғындарын өрттен жедел қорғауға мүмкіндік береді.

  Жүктелген міндеттерді орындау үшін бекет өрт сөндіру автоцистернасымен, сондай-ақ қажетті өрт-техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бөлімше тәулік бойы қызмет атқаруға және туындаған оқиғаларға жедел әрекет етуге дайын жеке құраммен толық жасақталған.

  Ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттерін ашу азаматтық қорғау жүйесін дамыту және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі.