
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Талдысай ауылында 207-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, ТЖД басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа бөлімше Талдысай ауылдық округіне қарасты Талдысай және Құмсай ауылдарының 1100-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынып, тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жеке құрам үшін демалыс бөлмелері, ас үй, қызметтік бөлмелер және өрт сөндіру техникасына арналған гараж боксы жабдықталған.
ТЖМ арнайы техника мен жауынгерлік міндеттерді орындауға қажетті құрал-жабдықтарды табыстады. Бөлімше заманауи өрт-техникалық жарақпен, байланыс құралдарымен, арнайы жабдықтармен және қажетті мүлікпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары еріктілерді тұрақты негізде оқытып, тәжірибелік сабақтар, оқу-жаттығулар мен нұсқамалар өткізіп, олардың кәсіби даярлығы мен өрттерге және басқа да төтенше жағдайларға ден қою әзірлігін арттыруда.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ауылдық жерлерде табиғи, дала және тұрмыстық өрттердің алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.