Қазақстанда 206-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 206-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Сарбие ауылында 206-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа өрт сөндіру бекеті Сарбие ауылдық округіне қарасты Сарбие және Қаракөл ауылдарына қызмет көрсетеді. Аталған елді мекендерде 1 100-ден астам адам тұрады.

  Салтанатты шараға ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, ауыл тұрғындары және шақырылған қонақтар қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда жеті қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жеке құрам үшін демалыс бөлмелері, ас үй және өрт сөндіру техникасына арналған гараж қарастырылған. Сонымен қатар бөлімше заманауи өрт сөндіру техникалары мен жабдықтарымен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етіліп, білікті мамандармен жасақталған.

  Жаңа нысанның ашылуы төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін едәуір арттырып, ауылдық жерлердегі табиғи және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.