Қазақстанда 203-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 203-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында 203-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымның ашылу рәсімі өтті. Жаңа өрт сөндіру бекеті Қызылағаш, Ақтоған және Қопалы ауылдарының 2800-ден астам тұрғынын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.

  Іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Адамбек Оразалинов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Ермұханбетов және ауыл тұрғындары қатысты. Нысан жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

  Ғимарат тәулік бойы қызмет атқаруға толықтай бейімделген. Онда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмесі мен ас үй қарастырылған. Құралым қажетті техникамен, байланыс құралдарымен және арнайы киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Бекеттің толыққанды жұмыс істеуі үшін Жетісу облысының ТЖД қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.

  Ашылу рәсімі барысында Жетісу облысының ТЖД өрт сөндіру бекетінің құрылысына, материалдық-техникалық жабдықталуына және жұмысын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс хаттар табыстап, олардың ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. Іс-шара соңында қатысушылар аумақты көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттерін отырғызды.